Вторник, 29 Апрель 2025

Телефон доверия

3 - 45 - 23



getTag(); ?>

imgad 1

Сәтбаев қаласының аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау ережесін бекіту туралы

Опубликовано в Жобалар және шешімдер Пятница, 15 Август 2014 05:49

жоба

Сәтбаев қалалық мәслихатының 30 сессиясының шешімі

Сәтбаев қаласы                      № _____              2014 жылғы «___» ___________

Сәтбаев қаласының аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау ережесін бекіту туралы

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңына, «Тұрғын үй көмегiн көрсету ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысына, «Әлеуметтiк тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерiн көрсеткенi үшiн абоненттiк төлемақы тарифiнiң көтерiлуiне өтемақы төлеудiң кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысына, «Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 бұйрығына, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы № 185 қаулысына сәйкес Сәтбаев қалалық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:

1. Қоса беріліп отырған Сәтбаев қаласының аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау ережесі бекітілсін.

         2. Осы шешімге қосымшаға сәйкес Сәтбаев қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

         4.  Осы шешім алғаш ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Сессия төрағасы                                                                        Қ. Әділбаев

                      

Қалалық мәслихат хатшысы                                                    Т. Хмилярчук                                          

 

КЕЛІСІЛДІ:

«Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту

және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі»

мемлекеттік мекемесінің басшысы                                          Б. Әпеков

2014 жылғы «__» __________

Сәтбаев қалалық мәслихатының

2014 жылғы «___» _________

___ сессиясының № ___ шешімімен

бекітілген

Сәтбаев қаласының аз қамтамасыз етілген отбасыларына

(азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және

тәртібін айқындау ережесі

Осы Сәтбаев қаласының аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау ережесі (бұдан әрі – Ереже) «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңына, «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі Заңына,  «Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысына, «Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысына, «Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 бұйрығына, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы № 185 қаулысына (бұдан әрі – Стандарт)  сәйкес әзірленді және Cәтбаев қаласының аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерінжәне тәртібін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

1. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар;

2) алушы – өз атынан немесе отбасы мүшелерінің атынан тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген және тұрғын үй көмегін алған тұлға;

3) жалдауға беруші (жалға беруші) – тұрғын жайды жалдау шартындағы тұрғын жайдың меншік иесі немесе тұрғын үйді жалдауға беруге меншік иесі уәкілеттік берген адам болып табылатын тарап;

4) жалдаушы (жалға алушы) – тұрғын жайды жалдау шартындағы тұрғын жайды немесе оның бір бөлігін тұрақты немесе уақытша иеленуге және пайдалануға алушы тарап;

5) коммуналдық қызметтер – тұрғын үйде (тұрғын ғимаратта) көрсетілетін және сумен жабдықтауды, кәрізді, газбен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды, қоқысты әкету мен лифт қызметін көрсетуді қамтитын қызметтер;

6) кондоминиум – үй-жай азаматтардың, заңды тұлғалардың, мемлекеттің дара (бөлек) меншігінде болатын, ал ортақ мүлік оларға ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі болатын жағдайда, жылжымайтын мүлікке меншіктің нысаны;

7) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеу – қажет болған жағдайда құрылымдық элементтер мен инженерлік жабдықтау жүйелерін ауыстыра отырып, ғимараттың (объектінің) негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштерінің өзгерістерімен байланысты емес физикалық және сапалық тозуды жоюға қатысты құрылыс және ұйымдастыру-техникалық іс-шараларының кешені;

8) кондоминиум объектісін басқару органы – кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

9) мемлекеттік көрсетілетін қызмет – көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі;

10) отбасы – некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын және отбасы қатынастарын нығайтып, дамытуға септігін тигізуге арналған мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерге байланысты адамдар тобы;

11) отбасының (азаматтың) жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы;

12) өтініш беруші (жеке тұлға) – жеке өз басы немесе отбасы атынан тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш беруші тұлға (бұдан әрі – өтініш беруші);

13) тұрғын жайды жалдау (жалға алу) – жалдаушыға (жалға алушыға) тұрғын жайды немесе оның бір бөлігін ақысын төлетіп тұрақты немесе уақытша иеленуге және пайдалануға беру;

14) тұрғын жайды жалдау (жалға алу) шарты – оған сәйкес жалдауға беруші (жалға беруші) жалдаушыға (жалға алушыға) тұрғын жайды не оның бір бөлігін тұрақты немесе уақытша иелену және пайдалану құқығын беретін шарт;

15) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар – кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеудің үйге ортақ құралдарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және тексеруге жұмсалатын шығыстарға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалатын шығыстарға жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар арқылы төленетін үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері шығыстарының міндетті сомасы, сондай-ақ болашақта кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген түрлерін күрделі жөндеуге ақша жинақтауға жұмсалатын жарналар;

16) уәкілетті орган – тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын «Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган);

17) шекті жол берілетін шығыстар үлесі – телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының (азаматының) бір айда тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) орташа айлық жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы;

18) шот – кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін ұстауға, күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтерді және байланыс қызметтерін тұтынуға, жергілікті уәкілетті органмен жеке тұрғын үй қорынан жалдап алынған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысын төлеу шығындарын төлеуге, қызметтерді жеткізушілермен электрондық тасығышта, немесе өтініш берушімен қағаз тасығышта тұрғын үй көмегін тағайындау мерзіміне берілетін құжат (түбіртек, хабарлама, анықтама);

19) халыққа қызмет көрсету орталығы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды жүзеге асыратын, сондай-ақ ақпараттық жүйелерден мәліметтер алу арқылы электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін заңды тұлға;

20) «электрондық үкіметтің» веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе.

2. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен Сәтбаев қаласында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):

1) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;

2) тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;

3) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге.

Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

3. Тұрғын үй көмегі Сәтбаев қаласында тұрақты тұратын, осы тұрғын үйде тіркелген, оның меншік иелері немесе тұрғын үйді пайдаланушылар (жалдаушылар) болып табылатын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), егер кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін ұстауға, күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтерді тұтынуға, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлеміне тұрғын үй аумағының шекті шамасында, өтемақылық шамалармен қамтамасыз етілген жағдайда, бірақ алатын нақты жалпы аумағынан, кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін ұстауға, күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтерді тұтыну, жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысына ақы төлеу шығындарының мөлшерлерінен аспайтын, сондай-ақ телекоммуникациялық қызметтер көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуі, отбасы бюджетінде осы мақсаттарға шекті жол берілетін шығыстар үлесінен асатын тұлғаларға беріледі.

Зейнеткерлік жасқа жетпеген мүгедектер (жалғыз тұратын мүгедектер, мүгедектерден тұратын отбасылар, 18 жасқа дейінгі балалары бар мүгедектер, мүгедектер мен олардың күтімімен айналысатын адамдар) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) ұстау мен коммуналдық қызметтерді пайдалануға, тұрғын үйді жалға алу ақысын төлеуге сонымен қоса, телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттiк төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне жұмсалатын отбасының (азаматтың) шекті жол берілетін шығыстар үлесі отбасының (адамның) жиынтық табысының он пайызы мөлшерінде, өзге санаттардағы азаматтар үшін отбасының (адамның) жиынтық табысының он бір пайызы мөлшерінде белгіленеді. Шектi жол берiлетiн шығыстар үлесi отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің өлшемі болып табылады.

2. Тұрғын үй көмегін көрсету нормативтерін айқындау

4. Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін келесі тәртіппен көрсетеді:

1) өтемақылық шаралармен қамтамасыз етілген тұрғын үй ауданының нормалары тұрғын үй заңнамасымен белгіленген отбасының әр мүшесіне берілетін тұрғын үй нормасына балама және көп бөлмелі пәтерлерде бір адамға 18 шаршы метрді құрайды, бір бөлмелі пәтерде тұратындар үшін – пәтердің жалпы көлемі. Көп бөлмелі пәтерлерде тұратын жалғыз басты азаматтар үшін берілетін тұрғын үй ауданның әлеуметтік нормасы – 30 шаршы метр;

2) коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары:

қызмет жеткізушілердің шоттарын ұсына отырып (түбіртектер, жүкқұжаттар, шот-фактуралар), нақты шығыстар бойынша, қатты отынды пайдалану:

1985 жылға дейін салынған тұрғын ғимараттар үшін 1-2 қабатты үйлер үшін 1 шаршы метр ауданды жылытуға (жылу беру маусымына есептегенде) 161 килограмм көмірден артық емес, 3-4 қабатты үйлер үшін 1 шаршы метр ауданды жылытуға (жылу беру маусымына есептегенде) 98 килограмм көмірден артық емес;

1985 жылдан кейін салынған тұрғын ғимараттар үшін 1-2 қабатты үйлер үшін 1 шаршы метр ауданды жылытуға (жылу беру маусымына есептегенде) 125 килограмм көмірден артық емес, 3-4 қабатты үйлер үшін 1 шаршы метр ауданды жылытуға (жылу беру маусымына есептегенде) 72 килограмм көмірден артық емес;

жылу беру маусымының ұзақтығы – 7 ай;

тұрғын үй көмегін есептеу барысында, статистика органдарының мәліметтері бойынша Сәтбаев қаласында өткен тоқсанда қалыптасқан көмір бағасы қолданылады;

нақты шығыстар бойынша, отбасының электр қуатын тұтынуы:

газ плиталарымен жабдықталған үйлерде айына 150 киловаттан;

электр плитасымен жабдықталған үйлерде айына 250 киловаттан аспауы тиіс;

3) суық суды, кәрізді, ыстық суды, қоқысты әкету, газды, тұрғын үйді күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарды тұтыну нормалары басқару нысанына тәуелсіз (пәтер иелерінің кооперативі, өзін-өзі басқару комитеті, үй комитеттері, басқарудың заңды үлгісін рәсімдегендер) қызмет көрсетушілермен немесе тарифтерді бекітетін органмен бекітілген тарифтердің негізінде белгіленеді;

4) тиісті төленуге жататын кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуді жүргізудің кезектілігі жергілікті атқарушы органмен (тұрғын үй инспекциясымен) келісілген, жалпы жиналыста пәтер иелерінің шешімімен анықталады.

5. Кондоминиум объектiсінiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеуге және (немесе) күрделi жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуға және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттiк төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне төлемақы белгіленген нормадан тыс жалпы негіздерде жүргізіледі.

6. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметін көрсету үшін абоненттік төлемақы тарифінің арттырылуының сомасы Қазақстан Республикасының Үкіметімен белгіленген тәртіпте өтелуге жатады.

3. Тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу тәртібі

7. Тұрғын үй көмегін уәкілетті орган береді және тұрғылықты мекенжайы бойынша жеке тұлғаларға тағайындалады.

8. Алкогольге немесе есірткіге тәуелді отбасы мүшелерімен не 18 жасқа толмаған адамдармен бірге тұратын және пәтерлердің меншік иелері болып табылатын зейнеткерлерге және мүгедектерге тұрғын үй көмегі бір бөлмелі немесе көп бөлмелі пәтерлерде тұратындығына қарамастан, бір адамға тұрғын үй алаңының нормасы (18 шаршы метр) және бір адамға коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері шегінде беріледі.

9. Ақпараттық-маркетингтік қызметпен айналысатын және жеке компанияның сауда белгісінің өнімін өткізуде сауда делдалдығын жүзеге асыратын адамдар салық басқармасында жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырушы тұлға ретінде немесе уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркелуі не болмаса негізгі жұмыс орнынан растайтын анықтама ұсынуы тиіс.

10. Даулы, шиеленісті немесе ерекше жағдайлар туындаған жағдайда тұрғын үй көмегін тағайындау туралы мәселе сот тәртібімен шешілуі мүмкін.

11. Тұрғын үй көмегінің сомасы артық немесе заңсыз тағайындалуына әкеп соқтырған көрінеу жалған мәліметтерді берген жағдайда тұрғын үй көмегін төлеу тоқтатылады. Тұрғын үй көмегі түрінде заңсыз алынған сомалар ерікті түрде, ал төлеуден бас тартылған жағдайда сот тәртібімен қайтарылуға жатады.

12. Тұрғын үй көмегі қолма-қол немесе қолма-қол ақысыз нысанда беріледі. Қолма-қол ақысыз нысаны – бұл ақшалай қаражаттарды қызмет жеткізушілердің есеп шоттарына, сонымен қатар кондоминиум объектісін басқару органының шоттарына (ағымдағы, жинақтаушы) аудару.

Тұрғын үй көмегі сомасын коммуналдық қызметтерді жеткізушінің (кәсіпорынның таратылуы, қайта ұйымдастырылуы, банк реквизиттерінің өзгеруі, қатты отынға, телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттiк төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне ақы төлеу) есеп шотына аудару мүмкін болмаған жағдайда, ол өтініш иесіне қызмет көрсететін басқа қызмет жеткізушілердің арасында үлестіріледі немесе қолма-қол нысанда төленеді. Қолма-қол нысаны екінші деңгейдегі банктер немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы операцияларды жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымдары арқылы азаматтардың шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылатын ақшалай төлем түрінде белгіленеді. Жеке шотын ашу үшін өтініш беруші, екінші деңгейлі банкте, немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің лицензиясы бар ұйымдарда ашылған есеп шотын ұсынады.

4. Тұрғын үй көмегін беру мерзімдері мен мерзімділігі

13. Тұрғын үй көмегі тоқсан сайын табыстары туралы, коммуналдық шығындар мен берілген үйде тұрушылардың отбасы құрамы жайлы мәліметтерді бере отырып, өтініш берілген айдан бастап барлық қажетті құжаттармен бір жылға тағайындалады.

Тұрғын үй көмегін алушылардың қайта тіркелуі құжаттарды алғаш рет тапсырған рәсіміне сәйкес болады.

14. Тоқсан сайын табыстары туралы, коммуналдық шығындар мен отбасы құрамы жайлы мәліметтерді ұсынған отбасылар құжаттарды нақты тапсырған күнге тәуелсіз, тұрғын үй көмегін бір тоқсанға алады.

15. Ағымдағы тоқсан бойы табыстары туралы, коммуналдық шығындар мен отбасы құрамы жайлы мәліметтерді ұсынбаған отбасыларға, қандай да себепке қарамастан, тұрғын үй көмегін тағайындау құжаттар ұсынылған айдан бастап жүргізіледі.

16. Коммуналдық қызметтердің тарифтерін өзгерту кезінде, тарифтің өзгергені жайлы өкілетті органға құжатты ұсынған айдан бастап табиғи монополияларды реттеу жөніндегі уәкілетті органның қайта бекіткен тарифі бойынша көмекті тағайындау жүргізіледі.

17. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде отбасындағы басқа қалаларда уақытша тұратыны тиісті құжаттармен дәлелденген тұлғалар (оқушылар, студенттер) есепке алынбайды.

5. Өтініш білдіру және тұрғын үй көмегін есептеу тәртібі

18. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін өтініш беруші Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе веб-порталға келесі құжаттарды ұсынады:

Халыққа қызмет көрсету орталығына:

1) Стандарттың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш;

2) көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа көрсетілетін қызметті алушының жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);

3) Стандарттың 2-қосымшасының 1, 5, 6, 7-тармақтарында, 8-тармағының 2) тармақшасында және 10-тармағында көрсетілген отбасының табысын растайтын құжаттар. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртібін тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті орган айқындайды;

4) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарнаның мөлшері туралы шот;

5) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шот;

6) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

7) жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.

веб-порталға:

1) көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сұрау салу;

2) Стандарттың 2-қосымшасының 1, 5, 6, 7-тармақтарында, 8-тармағының 2) тармақшасында және 10-тармағында көрсетілген отбасының табысын растайтын құжаттардың электрондық көшірмелері;

3) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарнаның мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі;

4) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттың электрондық көшірмесі;

5) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шоттың электрондық көшірмесі немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

6) жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі.

19. Тұрғын үй көмегін алушылар күнтізбелік он күн мерзімде уәкілетті органды тұрғын үй көмегін алу құқығына немесе оның мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы хабардар етеді.

20. Түскен құжаттарды қарастыру нәтижесінде уәкілетті органмен тұрғын үй көмегін алушылардың жеке істері түзіледі. Ай сайын тұрғын үй көмегінің есебі жүргізіледі және өтініш иесіне өтініш жасауына қарай беріледі.

21. Тұрғын үй көмегі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған, осы Ережемен белгіленген шығыстарының шекті жол берiлетiн деңгейiнің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

22. Тұрғын үй көмегінің мөлшері кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеуге және (немесе) күрделi жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысына және телекоммуникация қызметін көрсетуге абоненттiк төлемақы тарифiнiң арттырылуы төлемдеріне нақты есептелген сомалардан артуы мүмкін емес.

23. Тұрғын үй көмегін есептеу үшін коммуналдық қызметтер бойынша есептелген төлемдер тұрғын үй көмегін тағайындау кезеңінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен электрондық тасығышта не болмаса жеке тұлғалармен қағаз тасығышта (шоттар, түбіртектер, хабарламалар, анықтамалар) ұсынылады.

Сәтбаев қалалық мәслихатының

2014 жылғы «__» тамыздағы

30 сессиясының № ____ шешіміне

қосымша

Сәтбаев қалалық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің

тізбесі

1. «Сәтбаев қаласының аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау ережесін бекіту туралы» Сәтбаев қалалық мәслихатының 2012 жылғы 21 ақпандағы № 26 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8-6-136 болып тіркелген және 2012 жылғы 21 наурыздағы           № 23(1994) «Шарайна» газетінде жарияланған).

2. «Сәтбаев қалалық мәслихатының 2012 жылғы 21 ақпандағы «Сәтбаев қаласының аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы» № 26 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Сәтбаев қалалық мәслихатының 2012 жылғы 17 тамыздағы № 73 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде          № 1930 болып тіркелген және 2012 жылғы 14 қыркүйектегі № 48(2019) «Шарайна» газетінде жарияланған).

3. «Сәтбаев қалалық мәслихатының 2012 жылғы 21 ақпандағы «Сәтбаев қаласының аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы» № 26 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Сәтбаев қалалық мәслихатының 2012 жылғы 13 қарашадағы № 92 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде          № 2003 болып тіркелген және 2012 жылғы 14 желтоқсандағы № 62(2033) «Шарайна» газетінде жарияланған).

4. «Сәтбаев қалалық мәслихатының 2012 жылғы 21 ақпандағы «Сәтбаев қаласының аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау ережесін бекіту туралы» № 26 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Сәтбаев қалалық мәслихатының 2013 жылғы 20 ақпандағы № 112 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2237 болып тіркелген және 2013 жылғы 29 наурыздағы № 13(2048) «Шарайна» газетінде жарияланған).

5. «Сәтбаев қалалық мәслихатының 2012 жылғы 21 ақпандағы «Сәтбаев қаласының аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау ережесін бекіту туралы» № 26 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Сәтбаев қалалық мәслихатының 2014 жылғы 14 сәуірдегі № 242 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2626 болып тіркелген және 2014 жылғы 16 мамырдағы № 19(2106) «Шарайна» газетінде жарияланған).

Прочитано 1355 раз