Бұрындары облыс қалаларының арасында сәулеті жағынан оқ бойы озық тұрған Cәтбаев қаласының соңғы кездері тазалығы мен абаттандырылуына жиі сын айтылып жүргені жасырын емес. Қала әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңестің жақында өткізген жиынында осы мәселе кеңінен талқыланды.
Кеңес төрайымы Марал Мәдиеваның басшылығымен өткен жиынға қала әкімінің орынбасары Болатбек Жақсыбаев, мемлекеттік мекеме басшылары мен қала тазалығына тікелей қатысы бар кәсіпорындар мен кеңес мүшелері қатысты.
Қоғамдық тыңдаудың күн тәртібінде «Абаттандыру және қаланың сәулеттік келбеті. Көркейту жолдары» туралы сөз болды. Көтерілген сұраққа қатысты тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Алмаз Жандарбеков пен сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Баян Орынбаева баяндама жасап, биылғы және алдағы уақыттарда атқарылатын жұмыстарды ортаға салды.
Жиын барысында қала көшелеріндегі рұқсатсыз сауда-саттықпен айналысатындардың «жабайы» саудасын тоқтату, автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарының сапасыздығы, жазғы мезгілде талдарды суарып, баптау, саяжолдар мен саябақтарды күтіп ұстау сынды түйткілді мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдарына байланысты ұсыныстар айтылды.