2016 жылғы 26 желтоқсанда қалалық әкімдіктің үлкен залында Сәтбаев қалалық мәслихатының 13-сессиясы болып өтті.
Сессияда қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Н.А.Геймбух мемлекеттік әкімшілік қызметке ауысуына байланысты № 8 сайлау округы бойынша қалалық мәслихаттың депутаты А.Қ.Төлендинаның және № 9 сайлау округы бойынша депутат С.Ә.Мырзақоңыровтың қайтыс болуына байланысты депутаттық өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы хабарлама жасады.
Депутаттар 2017 – 2019 жылдарға арналған қалалық бюджетті және Сәтбаев қаласының даму бағдарламасын бірауыздан қолдады. Бұл мәселелер бойынша сессияда қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Х.Сәкеев баяндама жасады.
Сессияда Сәтбаев қаласы аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысы туралы Сәтбаев қаласы ІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Б.Қ.Аманжоловтың есебі тыңдалды.
Сонымен қатар 2016 жылы атқарылған жұмыстар туралы қалалық мәслихаттың хатшысы Т.И.Хмилярчук және Әлеуметтік сала, құқықтық тәртіп және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі И.Бралин есеп берді.
Сессияның күн тәртібіне сәйкес нормативтік құқықтық актілер қабылданып, қала әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссиялардың құрамдарына өзгерістер енгізілді. Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін және онда орналасқан жылжымайтын мүлікті сатып алудың (алып қою) 16 шартының жобаларымен келісілді. Қалалық мәслихаттың 2017 жылға арналған жұмыс жоспары және «Сәтбаев қалалық мәслихатының аппараты» ММнің 2017 жылға арналған қаржыландыру жоспары бекітілді.
Қалалық мәслихаттың әлеуметтік сала, құқықтық тәртіп және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып депутат Қ.К.Жанасылова сайланды. Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы болып № 2 сайлау округынан депутат Қайрат Ұзақұлы Керімқұлов сайланды.
Күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Сессияның жұмысына қала әкімі, оның орынбасарлары, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары қатысты.
Сессия соңында қала әкімі А.А.Ыдырысов қаланың 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын қорытындылады.