Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 42-бабы күшіне енеді, ол пәтер иелерін кондоминиум объектісін басқару нысандарының бірін таңдауды міндеттейді: мүлік иелерінің бірлестігі (МҮБ) немесе көппәтерлі үйдің жай серіктестігі (ЖС). Қаламызда кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысанына көшуге дайындық бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде – міне, осы мәселелер мәслихат хатшысы Т.Хмилярчук бастаған депутаттық рейдте басты назарға алынды. Бүгінгі таңда қалада 511 ЖС және 33 МҮБ құрылды. Депутаттар Абай көшесі, 7/1 үйдің «Комфорт» МҮБ-інде және Ерден көшесі, 175 үйдің МҮБ-інде болып, тұрғындармен және МҮБ басшыларымен мәселені анықтады. Тұрғындардың пікірінше, басқарудың бұл түріне көшудің оңтайлы тұстары баршылық, мысалы, үйді басқаруға және күтіп-ұстаға қатысты шешімді тұрғындар өздері қабылдайды, жиналған қаражатқа өздері билік етеді. Бұл мәселе қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында қаралатын болады.