Сәтбаев қаласының №1 орталық ауруханасы бас корпусының ғимаратында облыстық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қалалық мәслихаттың хатшысы Хмилярчук Т.И., «АМАНАТ» партиясы қалалық филиалының жауапты хатшысы Балмағамбетов Қ.М. және тұрақты комиссия мүшелері 2022 жылдың 5 сәуірінде нысандағы жұмыс барысымен танысты. Мердігер «RAKADA GROUP» ЖШС сметалық келісім-шартқа сәйкес 4-қабатта демонтаждау жұмыстарын аяқтап, қабырғаларды және аралықтарды қалау және әрлеу жұмыстарын жүргізуде. Күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс, бірақ кестеден ауытқушылықтар бар. Депутаттық рейдке қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының, авторлық және техникалық қадағалау ұйымдарының өкілдері, қоғам өкілі-қала тұрғыны М.Рахымбердиев, мердігер ұйымның басшысы депутаттарды күрделі жөндеу жұмыстарының көлемімен таныстырып, түйткілді мәселелерді талқылады.