2019 жылғы 19 ақпанда депутат И.Бралинның төрағалық етуімен Сәтбаев қалалық мәслихатының 42 сессиясы болып өтті. Күн тәртібіне сәйкес депутаттар «Сәтбаев қаласының білім бөлім» ММ басшысы Б.Б.Ақышбековтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаланың жалпы білім беру мектептерінде тәрбие жұмысын ұйымдастыру туралы есебін тыңдады. Әлеуметтік сала, құқықтық тәртіп және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Қ.Жанасылова уақытша жұмыс комиссиясының қорытындысымен сөз алды. Білім бөлімінің есебін қорытындылай келе, мәслихат хатшысы Т.Хмилярчук бағдарламаның жобаларын іске асыру бағытындағы қаланың жалпы білім беру мектептерінің оң тәжірибелерін атап өтті.
Күн тәртібінің «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының Сәтбаев қаласында іске асырылуы туралы мәселесі бойынша «Сәтбаев қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі» ММ басшысы М.Бапов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Ғ.Сүтбаев баяндамалар жасады. Депутаттық комиссияның қорытындысында бюджет, экономикалық реформа, коммуналдық шаруашылық және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы В.Цой қалада жеке кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып отырған жұмыстарға қарамастан, шағын және орта бизнес нысандары құрылымында өнім өндіруші кәсіпорындардың әлі де көп емес екендігін ескертті. Осыған байланысты депутаттық комиссия тұрғындар арасында, оның ішінде жастар арасында жеке кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша үгіт-насихат жұмысын белсенді жүргізуді ұсынды.
Күн тәртібінің келесі мәселесі бойынша депутаттар Қоғамдық кеңестің құрамын қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, мәслихат хатшысы Т.Хмилярчуктың ұсынымы негізінде Сәтбаев қаласының қоғамдық кеңесінің құрамын және қала әкімдігі жанындағы ведомстоваралық комиссиялардың құрамдарындағы өзгерістерді бекітті, Жезқазған кентін көшіруге байланысты жер учаскесін және онда орналасқан жылжымайтын мүлікті сатып алу (алып қою) шарттарының жобаларын келісті. Кезекті сессияның төрағасы болып депутат Жақия Асанғазыұлы Күнеділов сайланды.